Балықшы тұйғын
From Wikipedia, the free encyclopedia
Балықшы тұйғын (лат. Pandion haliaetus) — сұңқартәрізділер отрядының тұйғындар тұқымдасына жататын жыртқыш құс.
Қанатының ұзындығы шамамен 490 мм, салмағы 1,6 кг. Арқасы қарақоңыр, бауыры ақ, жемсауы қоңыр, теңбіл түсті. Басы ақшыл сары, табанында балық ұстауға икемді тікенек балықшытәрізді бүртіктері бар. Балапандарының мамығы көгілдір. Негізінен Жайық өзені аңғарын қоныстайды. Жыл құсы, сәуірде келіп, қыркүйекте қайтады. Өзен-көл маңайындағы ағашқа ұя салады. Мамырдың басында 2-3 көкшіл жұмыртқа салып, оны мекиені мен қоразы кезектесіп 1 ай бойы басады.[1]
Балықшы тұйғын жойылып кету жағдайында тұрған түр. Ертеректе Қазақстанның балығы мол және ұя салуға ағаштары бар көптеген су қоймаларында мекендеген. Қазір ұя басар кезінде бірнеше жерлерде: Марқакөл (Оңтүстік Алтай), Жайық, Ертіс, Іле өзендерінде ғана кездеседі. Саны 60-70-ке дейін (оның жартысы Шығыс Қазақстанда) кеміді. Негізгі себептер - орманды кесу, балық қорларының таусылуы, ересек құстарды жою. Ұяларды есепке алып, олардың әрқайсысының айналасын тыныштық аймаққа айналдыру қажет. Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген.[2][3]