Биология
From Wikipedia, the free encyclopedia
Биология (көне грекше: βιολογία; βίος – өмір + λόγος – ғылым) — тірі ағзаларды және олардың тіршілік ету процестерін зерттейтін ғылым.[1] Жаратылыстану ғылымдарының бір саласы.
Ол тіршілік құбылыстарының бәрін, тірі ағзалардың құрылысы мен қызметін, олардың табиғи бірлестіктерін, таралуын, эволюциясын, өзара бір-бірімен және өлі табиғатпен байланысын зерттейді. Биологияның негізгі міндеті — бүкіл органикалық дүниенің (жануарлардың, өсімдіктердің, саңырауқұлақтардың, бактериялардың, вирустардың) қасиеттерін, пайда болуы мен даму заңдылықтарын зерттеу арқылы жалпы тіршіліктің мәнін анықтау, оны басқару, мақсатқа сай өзгерту әдістерін табу.[2]
Биологияның жалпы халық шаруашылығында, әсіресе медицина мен ауыл шаруашылығында маңызы аса зор. Мысалы, генетика мен селекцияның заңдарын мәдени өсімдіктер мен ауыл шаруашылығы жануарларының физиологиялық ерекшіліктерін білу — агротехника мен зоотехниканы кәмілдендіріп, өсімдіктер мен жануарлардың анағұрлым өнімді түрлерін шығаруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ адам денесінің макро- және микроқұрылысы, оның мүшелері мен ұлпаларының атқаратын қызметі туралы түсініктер көбінесе биологиялық зерттеулерге негізделеді. Жұқпалы аурулардың пайда болу себептері мен таралуы және оған қарсы күрес шаралары туралы ілім микробиологиялық және вирусологиялық зерттеулерге байланысты.[2]