Еуропа қайта құру және даму банкі
From Wikipedia, the free encyclopedia
Еуропа қайта құру және даму банкі (ЕҚҚДБ) — халықаралық үкіметаралық қаржы-несиелік ұйым; Орталық және Шығыс Еуропа елдерінің ұзақ мерзімді несиелендіру жөніндегі аймақтық мемлекетаралық банкі. 1990 жылы 29 мамырда болған келісім бойынша халықаралық қаржы мекемесі ретінде құрылған. Штаб-пәтері Лондонда орналасқан. Еуропа қайта құру және даму банкіге 50-ге жуық ел, соның ішінде ТМД елдері, сондай-ақ, Еуропа инвестициялық банкісі мен Еуропа қоғамдастығы мүше болып табылады. Банкке еуропалық емес елдер де мүше бола алады. Банкінің мақсаты — Орталық және Шығыс Еуропа елдеріндегі, сондай-ақ, бұрынғы КСРО елдеріндегі экономикалық реформаларды қаржыландыру. Олардың ашық нарықтық экономика негізінде экономикалық дамуына септігін тигізу; кредит алған елдерде құрылымдық реформа жүргізуге, жекешелендіруге және монополияны жоюға, орталықсыздандыруға көмектесу арқылы олардың экономикасын әлемдік интеграцияға тарту. Банк мемлекеттік қана емес, сондай-ақ, жеке секторда да әрекет етеді, коммерциялық мүмкіндігі жоғары жобаларға қатысады. Банк капиталы (12 млрд. АҚШ доллары шамасында) мүше елдердің жарналарынан құралады, бұл капиталдың 51%-і Еуропа экономикалық қоғамдастығы мен Еуропа инвестициялық банкісінің үлесінде. Қазақстан Республикасы Еуропа қайта құру және даму банкімен 1992 жылы байланыс орнатып, мүшелікке өтті. Бұл байланыс стратегиясы бірінші кезеңде техникалық ынтымақтастық арқылы ұйымдастыру және кадрлар даярлау жұмыстарын жүргізу болса, екінші кезеңде қаржы секторына, ауыл шаруашылығы, энергетика, тау-кен өнеркәсібі және көлік салаларын инвестицияландыру қамтылды. Осыған орай Қазақстанда көптеген жобалар іске асырылуда.