Жұма намаз
жұма күні мешіттерде жаппай мұсылман қауым өткізетін намаз түрі / From Wikipedia, the free encyclopedia
Жұма намаз – Жұма күні оқылатын намаз, Ислам дінінде өте маңызды саналатын, жамағатпен орындалатын апталық ғибадат. Жұма намазын оқу үшін мешітке бару – дені сау, саналы, ерікті әрбір мұсылманның парызы. Бас боғандығы шектелген және науқас адамдар, науқас адамдарды күтушілер, күш қуаты кеміген қарттар үшін Жұма намазын мешітке барып оқу міндетті емес. Сондай-ақ, әйелдер мен жолаушылап жүрген ер адамдар үшін де Жұма намазын мешітте оқу парыз саналмайды. Жұма намазы қаладағы немесе әкімі бар тұрақты ауылдағы мемлекет рұқсат еткен мешітте, имамнан басқа ең аз дегенде үш жамағаттың қатысуымен, бесін уақыты басталған соң оқылады. Жұманың парыз намазынан бұрын хұтба оқылуы шарт. Хұтпада тек Аллаһ Тағалаға шүкіршілік пен мадақ, діни уағыз ғана айтылып қоймайды, сонымен бірге елдегі саяси-әлеуметтік, әскери оқиғалар баяндалып, мемлекеттік маңызды жаңалықтар хабарлайды. Мұсылмандардың Жұма намазды оқу үшін бір жерге жиналулары Жұма намазының осылай аталуына бірден-бір себеп болған, һижрадан бұрын, яғни Меккеде Жұма намазы жоқ еді. Аллаһ Елшісі (с.а.у.) «Ақаба» биятынан кейін Мус'аб ибн Умейрді Мединаға мұғалім етіп жіберді. Оған сол жерде бесін уақытында екі рәкат намаз оқуын әмір етті. Міне, сондықтан мұсылмандар Әсад ибн Зурараның Медине сыртындағы үйіне жиналып, Жұма намазын оқи бастады. Негізінде, Жұма намазына байланысты аяттың Мединеде түскенін және Аллаһ Елшісі (с.а.у.) алғаш Жұма намазын һижра кезінде Салим ибн Ауф тайпасына тиісті Рануна қойнауында оқығанын ойлап қарасақ, Әсадтың оқыған екі рәкат намазы Жұма намазының парыздығынан бұрын болып, оқыған намаздарының бесін намазы екендігі білінеді.
Жұма намазының үкімі - парыз. Парыздығы Құран мен сүннетке сүйенеді. Құраннан дәлел: «Ей, иман еткендер! Жұма күні намаз үшін азан айтылған кезде, дереу Аллаһты еске алуға (намазға) ұмтылыңдар және сауда жасауды сол уақытта доғарыңдар» (Жұма, 62/9). Сүннет дәлеліне келсек: Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Жұма азанын естіген жандарға - Жұма намазы парыз (Әбу Дауд, 1. 244).