Химия
From Wikipedia, the free encyclopedia
Химия – жаратылыстанудың маңызды және кең салаларының бірі, заттарды зерттейтін ғылым, сонымен қатар олардың құрамы мен құрылымының өзгеруіне әкелетін түрленуіне байланысты қасиеттері – химиялық реакциялар, сондай-ақ, осы түрленулер бағынатын заңдар мен заңдылықтар. Барлық заттар химиялық байланыстар арқылы молекулалар құра алатын атомдардан тұратындықтан, химия, ең алдымен, жоғарыда аталған мәселелерді атом-молекулалық деңгейде, яғни химиялық элементтер мен олардың қосылыстарының деңгейінде қарастырумен айналысады.
Бізді қоршаған денелердің барлығы заттардан тұрады. Массасы мен көлемі болатындардың бәрін дене деп атайды. Жаңбыр тамшысы, бұтақтағы қырау – денелер, олар бір заттан – судан тұрады. Зат пен өріс – материяның бар болу түрі, яғни бізді қоршаған әлемнің нақтылы болуы.
Зат – ол массасы тыныштықта болатын, элементарлы бөлшектерден тұратын, материалдық түзілу. Әрбір заттың белгілі физикалық және химиялық қасиеті болады. Физикалық қасиетке заттың сыртқы көрінісі, оның балқу және қайнау температуралары, жылу мен электр тогын өткізу қабілеттілігі, агрегаттық (қатты, сұйық, газ) күйі жатады. Заттың химиялық қасиеті оның басқа затқа айналу (түрлену) қабілеттілігін сипаттайды.
Өріс – ол энергиямен сипатталатын, материяның нақтылы бар болу түрі. Өрістің қатысуымен заттардың бөлшектерінің арасында өзара әрекеттесу жүреді. Материаның маңызды қасиеттерінің бірі – қозғалу. Оның көптеген түрі болады және ол жаратылыстану ғылымдарының әртүрлі салаларында зерттеледі.
Химия бір заттың басқа затқа түрленуі ретіндегі материяның химиялық қозғалу түрін зерттеумен айналысады.