Ғаламатжұлдыз
From Wikipedia, the free encyclopedia
Ғаламатжұлдыз (ағылш. Supernova) — жойқын жарылыстан жарқырауы кенеттен мыңдаған, тіпті миллиондаған есе артатын, көлемі де шұғыл кеңейетін (орта есеппен 104 есе артатын), содан кейін баяулап азаятын жұлдыздар. Бұл жарылыстан аталмыш жұлдыз ғаламат жарқырап, тіпті оның әсерінде бүкіл галактика түгел жарқырап көрінеді де, біртіндеп солғындайды. Ең үлкен жарқырауы 1 — 2 сағаттан (шапшаң ғаламатжұлдыздар) бірнеше тәулікке (баяу ғаламатжұлдыздар) дейін созылады, сосын бірнеше апта, не бірнеше айдан кейін көрінбей кетеді. Бұл аралықта ғаламатжұлдыз күн секілді тұрақты жұлдыздардың бүкіл өмірінде шығарған энергиясын түгел шығарып үлгіреді. ТҰрақты жұлдыз жарылыс әсерінен барлық материясын 10 нан 1 жарық жылдамдығымен сыртқа шашады да, төңірегіндегі радиацияны жоғары қарқында толқытады. Бұл толқын кеңейген шар және тозаң пішінді құрылым қалыптастырады, оны әдетте ғаламатжұлдыздың қалдығы деп атайды.
Ғаламатжұлдыздардың жарқырауы бірнеше жылдан кейін бұрынғы шамасына келеді. Кәдімгі ғаламатжұлдыздардан өзгеше бірнеше рет қайталап от алатын әрі от алу аралығы ондаған жылға созылатын қайталама Ғаламатжұлдыздар да бар. Өзінің қалыпты жағдайында Ғаламатұлдыздар көмескі жұлдыздарға жатады.
Ғаламатжұлдыздардың қопарылыс себептері толық ашылып болған жоқ. Дегенмен Ғаламатжұлдыздарда өтетін қопарылыс процесі массасы онша үлкен емес ергежейлі жұлдыздардағы орнықсыздықтың жинақталуынан екендігі айқын болды. Ғаламатжұлдыздардың қопарылысы — олардың дамуының маңызды кезеңдерінің бірі. Ғаламатжұлдыздардың қопарылысы кезінде бөлінетін толық энергия мөлшері шамамен 1045 — 1047 эрг.
Белгілі болған ғаламатжұлдыздардың қалыптасуының негізінен екі нұсқасы бар. Бірі, өзегіндегі термоядролық әлеует сарқылыпуынан алып жұлдыздар нейтрон жұлдызына, не қара құрдымға айналады. Тартылыс күші әсеріндегі өзегіне құлаудан туған ғаламат энергия оның сыртқы материясын шұғыл қыздырады және кеңейтеді. Бұдан ғаламатжұлдызды пайда қылуы мүмкін.
Екінші нұсқасы, кейбір ақ ергежейлі жұлдыздар өз серікжұлдыздарынан материя сорады, немесе оны кенет өзіне қосып алады, сонымен оның энергиясы шұғыл артып, әуелгі тепе-теңдік бұзылып, тұрақты жұлдыз "күйіп" кетеді. Әдетте тұрақты жұлдыздың массасы Чандрасекар шегінен (шамамен күннің 1.38 есесіндей) асып кеткенде, тұрақты жұлдыздың ішкі термоядролық қозғалыс жеткілікті энергиямен қамтылмағанда тұрақты жұлдызда ішіне қарай жемірілу пайда болады. Егер, өзегінің ішіне тарту күші аталған шектен шығып өте жоғары болған жағдайда ол шұғыл жарылыс туғызады.
Назар аударуға тиістісі, ақ ергежейлі жұлдыз CNO циклі арқылы жоғарыдан басқаша, көлемі кішірек ядролық жарылыстар туғызғанда, оны жай жаңа жұлдыз деп атаймыз. Әдетте, массасы күннің 9 есесінен төмен жұлдыздар ішке жеміріліп құлағанда одан ғаламатжұлдыз қалыптаспайды.
Есептеулер бойынша, Құс жолы галактикасындағы ғаламатжұлдыздардың жарылу мөлшері 50 жылда 1 рет екен. Ол жұлдызаралық материяға мол энергия және элементтер бүркеді. Ғаламатжұлдыздың жарылуынан төңірегінде электромагнитті дауыл тарап, ол төңірегінде өзгерістер туғызып, жаңа жұлдыздардың туылуын тездетеді екен.
Ең алғаш ағылшын тіліндегі ғаламатжұлдыз - supernova сөзі 1926 жылдары баспасөзге еніпті.
“Ғаламатжұлдызды” бұрынғы адамдар жаңа жұлдыздармен шатастырған. Ол кезде жұлдыздардың жалтырауы ұлғайып көрінгендіктен, мұндай жұлдыздар жаңадан пайда болған жұлдыздар деп ұйғарылған. Алайда, 20 ғасырдың басындағы фотографиялық зерттеулер мұндай тұжырымның қате екендігін дәлелдеді. Кейбір Ғаламатжұлдыздар 1 — 2-жұлдыздық шамада жалтырап көрінеді. Ол жұлдыздың басталуы емес, кенет ақырласуы есептеледі.[1]