Қыдыр ата
From Wikipedia, the free encyclopedia
Қыдыр, Қыдыр ата, Қызыр (араб.: الخضر [Əл-Хидр, Əл-Хизр] — жасыл адам) —
- бір анықтама бойынша, ислам дініндегі пайғамбар. Кейбір дінтанушы ғалымдар оны Ілияс пайғамбар деп жорамалдайды. Құран Кәрімнің Кәһф сүресінде Мұса пайғамбар сапарға шыққан кезде Қыдырға жолыққаны, Алланың оны Мұсаға тағылым үйрету үшін арнайы жібергені жайлы айтылады (66 аят).
- екінші бір анықтама бойынша, мифтік бейне. Түркі халықтары мифологиясында Қыдыр бейнесінің астарынан ислам дініне дейінгі және онан кейінгі кезеңде пайда болған екі діни-фольклорлық дәстүр түсінігі аңғарылады.
Кей халықта ол теңізде сапар шегушілердің қамқоршысы деп есептелсе, үнділер су иесі деп қабылдаған, сондай-ақ өрттен, су тасқынынан, ұрлықтан, жылан шағудан сақтайтын пір деп те есептеледі. Сонымен қатар жыр мәтіндерінде Қыдыр ата мен Қызыр ата, Ілияс есімдері дербес үш тұлға ретінде аталады (“Қызыр ата, қырық шілтен; Қыдыр менен Ілияс; олар да болсын жолдасың” немесе “Қызыр Ілияс жар болып, Қыдыр ата қолдасын”). Осыған байланысты “Қыдыр” мен “Қызыр” (Хадир, Хидр, Хизр) бейнелерінің екі түрлі мифтік бастаудан өрбіп, уақыт өте, есімдерінің сыртқы ұқсастығына және мифтік сәйкестігіне қарай бір бейне ретінде түсіндірілгенін топшылауға болады. Қыдыр көбіне-көп батырлық жырларда аталады, батырлар одан демеу, қолдау күтіп, атын атап шақырады. Қазақ халқының ұғым-түсінігінде Қыдыр сәттілік пен бақ беруші, көбіне иман жүзді қарт түрінде бейнеленіп, өзін көзімен көру сәті түскендерге бақыт сыйлаушы ретінде суреттеледі. Яғни, күнделікті кездесетін адамдардың арасында Қыдыр-ата болуы мүмкін: ол әр түрлі кейіпте (көбіне кедей адам секілді) жүреді. Одан сый алу үшін кез келген адамға, оның әлеуметтік мансап-мәртебесі мен байлығына, киіміне, түр-әлпетіне қарамай, қонақжайлық көрсету керек (өйткені ол Қыдыр болып шығуы мүмкін). “Қырықтың бірі Қыдыр” сөзінің астарынан осындай түсініктен туындаған моральдық факторды көруге болады.[1]