Гомосексуалдылық
From Wikipedia, the free encyclopedia
Гомосексуалдылық – бұл бірдей биологиялық жыныс немесе гендер иегерлерінің бір-біріне деген романтикалық, сексуалды құштарлығы және сол құштарлықтан пайда болатын сексуалды мінез-құлық. Сексуалды бағыттанудың бір түрі ретінде, гомосексуалдылық өзімен бірдей жынысты адамдарға бағытталған «тұрақты эмоциялық, романтикалық және/немесе сексуалды құштарлық үрдісі» деп анықталады. Сонымен қатар, бұл «адамның осы құштарлықтарға, оған байланысты мінез-құлықтарға және осыған ұқсас құштарлықтарға ие өзгелердің қауымына мүше болуына негізделген тұлғалық ерекшеліктерінің қалыптасуы» деген анықтамаға ие.
Бисексуалдылық және гетеросексуалдылықпен қатар, гомосексуалдылық гетеросексуалды-гомосексуалды векторда орналасқан үш негізгі сексуалды бағытталу типтерінің бірі. Ғалымдар жеке тұлғаның сексуалды бағытталуын не анықтайтынын нақты білмейді, алайда соңғы теорияларға жүгінсек, бұл генетикалық, гормоналдық және қоршаған орта факторлардың күрделі әрекеттесуінің нәтижесінде туындайды және ғалымдар сексуалды бағытталуды адам өз еркімен таңдамайды деген ортақ тұжырымға келген. Ғалымдардың көпшілігі, негізінен биологияға негізделген теорияларға басымдылық береді, яғни бұл генетикалық фактор, ерте жатыр ішіндегі даму кезеңі, генетикалық және қоғамдық факторлардың қосындысы секілді теориялар. Алайда, туылғаннан кейінгі қоршаған ортаның адам сексуалдылығына әсері туралы гипотезалар біршама әлсіз және дәлелсіз, әсіресе бұл еркек сексуалдылығына қатысты. Ата-ана тәрбиесінің немесе ерте балалық шақ кезіндегі бастан өткерген жайттардың сексуалды бағытталуға қандай да бір әсері бар екендігін растайтын нақты және тұшымды дәлелдер жоқ.
Гомосексуалды адамдарды сипаттауда ең кеңінен қолданылатын терминдер – ер адамдар үшін гей және әйел адамдар үшін лесбиян, алайда, кейде гей термині гомосексуалды еркектерге де, әйелдерге де қатысты қолданылады. Өздерін гей немесе лесбиян деп танитын адамдардың нақты саны мен бір жынысты қатынастарда болған адамдардың қоғамдағы үлесін анықтау бірқатар себептерге байланысты біршама күрделі. Мысалы, көптеген гейлер мен лесбияндар гомофобия мен гетеросексисттік дискриминацияның әсерінен өз сексуалдылығы жайлы ашық айта алмауы мүмкін. Гомосексуалды мінез-құлық көптеген жануар түрлерінің арасында да анықталған.
Көптеген гей және лесбияндар тұрақты бір-жынысты романтикалық қарым-қатынас құрады. Бұл қарым-қатынастар өзінің психологиялық құндылықтары мен әсері бойынша кез келген гетеросексуалды қарым-қатынастарға тең. Гомосексуалды қарым-қатынастар орын алған формасы мен айналасындағы мәдениетке қарай адам тарихы бойынша дәріптеліп те, айыпталып та отырған. 19-шы ғасырдың соңынан бері гей тұлғалардың теңдігі мен бостандығын мақсат еткен жаһандық қозғалыс туындады. Оның ішінде, мектептегі гей балаларды қысымнан қорғау, дискриминацияның алдын алу, әскерде қызмет етуге, денсаулық сақтау қызметтеріне жүгінуге, балалы болу немесе бала асырауға тең құқықтарды қамтамасыз ететін және неке теңдігін көздейтін заң жобалары қабылданып келеді.