Жады
From Wikipedia, the free encyclopedia
Жады (ағылш. Memory) — адамның бұрын көрген, естіген, білген нәрселері мен бейнелерін зердесінде естелік ретінде ұзақ уақыт сақтап, қажет кезде қайта еске түсіру қабілеті, жүйке жүйесінің негізгі қызметтерінің бірі.[1] Адам жадысындағы түрлі мазмұндар Естеліктер деп аталады. Адамның жады қабілеті үнемі дамып, жетіліп отырады. Ежелгі грек философы Аристотель әр түрлі нәрселер мен бейнелердің есте әсерлену (яғни сақталу) сипаттарын үш топқа бөледі:
- әсерленген нысанның белгілі бір кеңістік пен уақытқа ұштаса қабылдануы;
- әсерленген нысанның басқа бір нысанға өзара ұқсастығы;
- олардың бір-бірінен айырмашылығы мен қарама-қарсылығы.
Осыған орай ол нәрселер мен бейнелердің есте ассоциациялануы түрлерін алғаш зерттеп тұжырымдады:
- аралас не іргелес ассоциациялар (мысалы, түс — сары);
- ұқсас ассоциациялар (мысалы, қарындаш, дәптер);
- қарама-қарсы ассоциациялар (мысалы, ақ — қара; ұзын — қысқа).