Ирак және Шам Ислам мемлекеті
халықаралық әскери лаңкестік ұйым / From Wikipedia, the free encyclopedia
«Ислам мемлекеті» (ИМ; араб.: الدولة الإسلامية [ʔadˈdawla(tu) (ʔa)lʔislaːˈmiːjja(tu)], транскрипция әд-Дәулә әл-Исламия), немесе Ирак және Шам Ислам мемлекеті (ИШИМ/ДАИШ) (داعش) — халықаралық[1] радикалды исламисттік сүнниттік[1][2][3][4] экстремистік[5] лаңкестік ұйым. 2013—2019 жылдары әлем елдері мойындамаған мемлекет ретінде Сирия мен Ирактың бірқатар аудандарын өз бақылауында ұстады.
Ислам мемлекеті | |
араб.: الدولة الإسلامية | |
Ислам мемлекетінің байрағы | |
Өзге атаулары: |
Ирак және Шам Ислам мемлекеті, |
---|---|
Негізін салушы: | |
Тілдері: | |
Халифа: |
Әбу Хафс әл-Хашеми әл-Қураши |
Құрылған күні: |
15 қазан 2006 жыл[1] |
Бөлінді: | |
Идеологиясы: | |
Діні: | |
Қарсыластары: |
әлемнің 60 астам елі және бірқатар мемлекеттік емес ұйымдар |
|
«Ислам мемлекетінің» тарихы 2003 жылы АҚШ Саддам Хусейн басқарған Иракқа соғыс ашқан кезден бастау алады. 1990 жылдардан бастап Әл-Қағидамен (Аль-Каида) байланысы бар «Таухид және жиһад» жамағатының жетекшісі Әбу Мұсғаб әз-Зарқауи соғыс басталғаннан кейін бір жыл өткен соң әйгілі лаңкес Усама бен Ладенге серт беріп, Әл-Қағиданың Ирактағы бөлімшесін құрды. 2006 жылы әз-Зарқауи қаза тапқаннан кейін оның жақтастары бірқатар экстремистік топтармен бірігіп «Ирак Ислам мемлекетін» құрды. 2009 жылға қарай толығымен дерлік жойылған бұл топ 2010 жылы Әбу Бәкір әл-Бағдади басшы болып тағайындалғаннан кейін қалпына келе бастады.
2013 жылы әл-Бағдади Ирак пен Сирия аумағында «Ирак және Шам Ислам мемлекеті» құрылғанын жариялады. Әл-Қағида мен оның Сириядағы бөлімшесі — «Ән-Нұсра майданы» бұл әрекетті мақұлдаған жоқ. Екі топ арасындағы келіспеушілік ақыр соңында бұрынғы одақтастар арасындағы қақтығысқа әкелді.
2014 жылдың маусым айында Ирактың ірі қаласы Мосулды басып алған ИМ өзін «халифат» деп жариялап, топтың көсемі Әбу Бәкір әл-Бағдадиді «халифа» етіп сайлады. Бір кездері ИМ-нің қол астындағы Сирия мен Ирак мемлекеттерінің аймақтарында бірнеше миллион адам өмір сүрді. Бұдан басқа Ислам мемлекетіне Ливия, Нигерия, Ауғанстан және т. б. мемлекеттердегі шағын аудандар (уәлаяттар) бағынышты еді.
«Ислам мемлекеті» күшейіп тұрған кездері әлемдегі ең бай қарулы топқа айналды. Нағыз мемлекетке ұқсап баққан ИМ «Ислам динары» деп аталатын өз ақшасын да шығарды. Қаржының басты көзі — шикі мұнай мен мұнай өнімдерінің саудасы болды. Оған қоса ИМ адам ұрлау, банктерді тонау, бопсалау, салық жинау және құнды жәдігерлерді сату арқылы да біраз ақша тапты. ИМ әскерінің қатарында ондаған мың жауынгер соғысып, олардың арасында тек араб мемлекеттерінің тұрғындары ғана емес, Еуропа, Солтүстік Америка және Азия құрлықтарының бірқатар елінен келген сарбаздар болды. ИМ-нің содырлары заманауи қару-жарақты, оның ішінде танкілер мен құрышты техниканы да қолданды.
«Ислам мемлекетіне» тойтарыс беру үшін құрылған халықаралық коалицияның құрамына әлемнің көптеген мемлекеттері қосылды. БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне кіретін бес мемлекеттің төртеуі (АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Франция) ИМ-ге қарсы соғыс жариялады. Сонымен қатар «Ислам мемлекетіне» бірқатар мемлекеттік емес ұйымдар қарсы шықты. Одақтастардың күші басым болғанымен, олардың арасында түсініспеушілік пен араздық орнап, «Ислам мемлекеті» төндірген қауіпті біраз уақытқа дейін ауыздықтау мүмкін болмады.
Әлемнің көптеген елі «Ислам мемлекетін» лаңкестік ұйым ретінде мойындап, оған тыйым салды. 2015 жылдың 15 қазанында бұл мемлекеттердің қатарына Қазақстан да қосылды. БҰҰ-ның шешіміне сәйкес, ИМ-ге көмек көрсеткен тұлғалар санкция тізіміне енгізілетін болды.
2015 жылдан бастап «Ислам мемлекеті» қол астындағы көптеген аймақтардан айырыла бастады. Сирия және Ирак әскерилері Тикрит, Байджи, Синжар, Эр-Рамади, Эль-Фаллуджа, Мосул, Раққа (ұйымның штаб-пәтері), Дейр-әз-Заур секілді ірі елді мекендерді өз бақылауына қайтарды. 2017 жылдың қарашасында «Ислам мемлекетінің» Ирактағы соңғы қаласы — Рауаны ирактық әскерилер басып алды. 2019 жылдың наурыз айында Сирия аумағындағы ИМ-нің соңғы бекінісі — Бағуз Фауқани елді мекені АҚШ қолдаған «Сирия демократиялық күштерінің» қолына өтті. Сол жылдың қазан айында Сирияның Идлиб облысында АҚШ қарулы күштері ізіне түскен «халифа» Әбу Бәкір әл-Бағдади қаза тапты. Иран, Ирак, Ресей, Ұлыбритания және АҚШ елдерінің ресми өкілдері «Ислам мемлекетінің» жеңіліс тапқанын жариялады. Бұған қарамастан көп уақыт өтпей ИМ жаңа «халифа» қылып Әбу Ибраһим әл-Һашими әл-Құрашиды тағайындады.