Натурализм
From Wikipedia, the free encyclopedia
Натурализм (французша: naturalіsme, латынша: natura – табиғат) – философияда табиғатты барлық нәрсенің түп негізі, тану мен түсіндірудің әмбебап принципі ретінде қарастыратын философиялық бағыт.[1]
Материалистік философияда табиғаттан жоғары тұрған ештеңе жоқ деп саналатындықтан, адам санасы, рухани құбылыстар түгелдей табиғаттың өзіндік қасиеті немесе оның дамуының заңды нәтижесі есебінде түсіндіріледі.
Натурализмнің идеалистік-философия тармақтарында діни көзқарас жоққа шығарылмайды және табиғатқа жандану (гилозоизм, панпсихизм) немесе рухтану (пантеизм) іштей тән деп есептеледі.
Натурализм әлеуметтік философияда қоғам өмірін әр түрлі табиғи себептерден (географиялық ортаның қасиеттерінен, адамдардың биологиялық және нәсілдік ерекшеліктерінен, т.б.), этикада моральдық прициптерді әлдебір табиғи бастамалардан (ғарыштан, адам биологиясы мен психологиясынан, т.с.с.) түсіндіруге ұмтылады.
Эстетикада натурализм көркем шығарманың дәлме-дәл бейнеленуін талап етеді. Табиғат көбінесе тірі табиғат, “табиғилық”, негізділік, тұтастық деп түсіндіріледі. Бұл “табиғат” “жасандыға”, механикалыққа, ал табиғат мәдениетке қарсы қойылады. Ол табиғи және жасандының, табиғат пен мәдениеттің қарама-қарсылықтарын өмір ұғымында біріктіруге тырысты.
Натурализмнің негізгі ұйғарымдары мыналар:
- табиғатты бірден-бір шындық есебінде мойындау (ол өз-өзінен жеткілікті, іс-әрекетке және ұйымдасуға бейім);
- табиғаттың әлдебір тысқары бастамадан тәуелділігін жоққа шығару;
- әлеуметтік, адамгершілік, рухани, мәдени құбылыстарды табиғи негіздемелерден түсіндіруге ұмтылу.