Шығыстану
From Wikipedia, the free encyclopedia
Шығыстану – Шығыс деп аталған Азия және ішінара Африка (негізінен Солтүстік Африка) елдерінің тарихын, экономикасын, тілдерін, әдебиетін, этнологиясын, өнерін, дінін, философиясын, мәдениетінің материалдық және рухани ескерткіштерін кешенді түрде зерттейтін ғылым.
Шығыстанудың ішінде аймақтық салалар: египет зерттеу, ассирия зерттеу, семит зерттеу, арабтану, ирантану, түркітану, қытай зерттеу, моңғолтану, үндітану, жапонтану қалыптасты. Ғылымның алға қарай дамуына байланысты Шығыстануда жаңа аймақтық салалар қалыптасуда (шумер зерттеу, урарту зерттеу, кумрантану, корейтану, малайтану, т.б.). Еуропадағы Шығыстану білімдерінің қайнар көздері еур. халықтардың Азия мен Солтүстік Африка халықтары арасында сауда, саяси байланыстар орнатқан ежелгі және орта ғасырларда пайда болды. Шығыстанудағы Шығыс жөніндегі алғашқы деректер ежелгі грек авторларының еңбектерінде келтірілген. Шығыс елдері жөніндегі көптеген деректер Батыс пен Шығыс мәдениетінің арасындағы «көпір» қызметін атқарған сириялық, византиялық, ежелгі армян және ежелгі грузин әдебиеттерінде кездеседі. 12 ғасырдан бастап Алдыңғы Азия мен Қиыр Шығыс елдерінде болған елшілердің, діни миссионерлердің, көпестердің, саяхатшылардың көптеген жазбалары пайда болды. Шығыстанудың білімнің ерекше саласы ретінде пайда болуы капиталдың алғашқы қорлану дәуірі мен шығыс елдеріне еур. мемлекеттердің баса-көктеп кіруінің басталуымен байланысты болды. Шығыстанудың дамуына халықаралық байланыстардың жалпы кеңеюі де ықпал етті. 16 ғасырдың соңында арабтанушы Постельдің, Алдыңғы Азия тарихын жазушы Роттың, Бриссонийдің еңбектері жарық көрді. 15 ғасырда Ресейде А.Никитиннің Үндістанды сипаттауы, 1618 жылы И.Петлиннің Қытайға саяхатының қолжазбалары пайда болды. 17 ғасырдың соңында бірқатар университеттерде (Лейден, Париж, Оксфорд) шығыс қолжазбаларының айтарлықтай мөлшері жинақталып, соның нәтижесінде жазба деректерге сүйенген алғашқы жүйеге көтерілген еңбектер жарық көрді (әсіресе, Парижде 1667 жылы басылып шыққан д’Эрбелоның «Шығыс кітапханасы»). Ресейде Г.С.Лебедев Еуропадағы ең алғашқы санскрит грамматикасының бірін (1801) құрастырды және бірнеше қолданыстағы үнді тілдерінің грамматикалық құрылысына сипаттама берді. 19 ғасырдағы неғұрлым көрнекті шығыстанушы Никита Яковлевич Бичурин (Иакинф) болды. Ресей шығыстанушыларын дайындау бастапқыда Қазан университетінде (1807 жылдан), кейіннен Санкт-Петербург университетінде (1819 жылдан) жүргізілді. 1818 жылы Ресей шығыс қолжазбалары мен металл ақшаларының қоймасы – Азия музейі құрылып, ол академиялық шығыстанушы орталыққа айналды.