Электроэнцефалография
From Wikipedia, the free encyclopedia
Электроэнцефалография (қысқаша ЭЭГ) (электро- + көне грекше: ἐγκέφαλος — "ми" + γράφω — "жазу", "тіркеу", "білдіру"; ағылш. Electroencephalography, EEG) — электрофизиологиялық мониторда мида және жүйке талшықтарында[1] болатын биоэлектрлік қозғалыстар мен өзгерістерді жазып алу, тіркеу әдіснамасы. Бұл әдіснама "қара сандық" деп аталатын мидағы биоэлектрлік құбылыстарды оны бүлдірмей тұрып зерттеуге мүмкіндік береді, әсіресе мидағы әлеуетті түсіндіруде белгілі бір нақты деректермен қамдайды. ЭЭГ бойынша нәзік толқындарды сезетін электродтар бас терісіне жапсырылып, күрделі бағдарламалық жүйе арқылы мидан шыққан биоэлектрлік толқын жазып алынады. ЭЭГ арқылы ми нейрондарындағы ионды қозғалыстар тудырған толқындар кернеуі өлшенеді.[2] Мұнда зерттеу назары ЭЭГ әдіснамасы арқылы нейробиологиялық синхронизацияға ("нейорндық тербеліс", ауыз екі тілде тілде "Ми толқыны" деп те аталады) бағытталып, ЭЭГ ақпары (сигнал) жазып алынады.
Клиника саласы ЭЭГ технологиясын мидағы табиғи биоэлектрлі толқындардың уақыт бойынша периодты өзгерісін тіркеуге қолданады. Бұл үшін бас терісінің көп тұсына түрлі электодтар жапсырылып, ондағы биоэлектрлі толқындар жинастырылады, және соңында оның қисық сызықты диаграммасы жасалады. Бұл арқылы науқас ауруының миға әсерін және мидың өзіндегі аурулар туралы белгілі бір ақпарат қорытындыланады. Дегенмен, ЭЭГ басқа әсерлердің кедергісіне оңай ұшырайтындықтан оны медицинада әдетте басқа әдістермен бірлестіріп қолдану керек.
ЭЭГ көбінесе Қояншық (эпилепсия) ауруына диагноз қоюға пайдаланылады. Өйткені қояншық ЭЭГ жазбасында қалыпсыздығын анық байқатады.[3] ЭЭГ сондай-ақ ұйқысыздық, Кома (толық естен тану), Энцефалопатия (ми жүйке талшықтары ауруы) секілді ауруларға және ми өлімін (Brain death) анықтауға қолданылады.[4]
ЭЭГ кезінде ісікті, инсульт және басқа да өзекті ауруларды анықтаудың бірінші дәрежелі амалы болған. Бірақ бұл жоғары дәлдіктегі анатомиялық елестету технологиясы пайда болған соң саябырси бастады: Магниттік-резонанстық томография (МРТ, MRI) және компьютерлік томография (КТ, CT) қатарлылар. Кеңістіктік дәлдік шекті болса да, ЭЭГ баяғыдай зерттеу мен диагностикада өте маңызды құрал есептеледі. Әсіресе, миллисекундтық шамадағы уақыт дәлдігі керек болғанда, бұл әдісті әле ештеңе баса алмайды (МРТ пен КТ ондай дәлдікті көрсете алмайды).
Бұл технология сондай-ақ когнитивистикада, когноитивті психологияда, психофизиологиялық зерттеулерде кең қолданылады.