Құймалар
From Wikipedia, the free encyclopedia
Көптеген металдар балқытқанда оңай араласып, біртекті қоспа түзеді, ол салқындағанда құйма түзіледі. Ерте кезден-ақ адамдар таза металға қарағанда олардың құймаларының қасиеттері пайдалы екенін байқаған. Алғаш алынған мыстың құймасы - қола болатын. Оның атымен бүтіндей тарихи кезең - қола ғасыры аталды. Таза мыс тым жұмсақ. Сондықтан одан қаттылықты қажет ететін бұйымдар жасау қиынға соқты. Қола алу үшін мысқа қалайы қосады. Қола мыс пен қалайыға қарағанда қатты болады. Оның қаттылығы болаттың қаттылығына жуық. Одан ертеде пышақ, балта, қару-жарақ т.б. тұрмыстық бұйымдар жасалған.
Металдар таза күйінде өте аз қолданылады. Көбіне олардың орнына таза металдарда кездеспейтін қасиеттері бар металдардың құймалары қолданылады. Құймаларды алу балқыған күйінде металдардың бір-бірінде еруіне негізделген, олар құрамы жағынан қоспаларға да және химиялық қосылыстарға да ұқсайды.
Қоғам дамыған сайын , адамдар құрам бөліктерін өзгерту арқылы әртүрлі құймалар алуға болатынын түсінді. Техниканың әр түрлі саласына қажет материалдарға деген сұраныстың өсуі, таза металдың қолдану аясын тарылтып, қажетті қасиеттері бар құймаларды көп өндіруге әкеледі. Осы күнгі техникада 10000-нан астам құймалар қолданылады. Мұның өзін шегіне жетті деуге болмайды. Қажетті қасиеттері бар құймаларды іздеу күн тәртібінен ешқашан түскен емес.