Әдебиеттану
From Wikipedia, the free encyclopedia
Әдебиеттану — көркем әдебиет мәселелерін зерттейтін ғылым. Сөз өнерінің түп төркінін, тегін, туу, қалыптасу тарихын, даму заңдылықтарын, көркемдік және эстетикалық ерекшеліктерін зерттейді. Негізгі салалары үшеу: әдебиет теориясы, әдебиет тарихы, әдебиет сыны. Жанама тараулары — текстология, тарихнама, библиография.
Мәтінтану (текстология) - шығарма мәтінінің анык-қанығын сақталған колжазбасымен, түпкі нұсқасымен салыстырып тексереді,жариялайды. Оның негізгі міндеті автордың жазғанының нағыз, дәл нұсқасын анықтап, ешбір қоспасыз, қатесіз жариялау болып табылады. Ол - көркем шығарманың тұрақты түпнұсқасын белгілейді, оның автор қолымен жасалған ақтық редакциясын анықтайды, әр алуан нұсқасын өзара салыстырады, көшірушілер тарапынан кеткен қателерді түзейді.
Тарихнама (историография) - әдебиеттану ғылымының арнаулы мәселелері бойынша зерттеудің көлемі мен мәнін, маңызын айқындайтын ғылым саласы. Ол әдебиет теориясының, тарихының, сынының ғасырлар бойғы тарихи дамуы туралы дәйектемелер мен деректерді қарастырады. Оны әдебиеттану ғылымының белгілі бір саласының, тақырыбының зерттелу жайы туралы мәліметтер мен материалдар жинағы деуге болады. Тарихнама көбінесе ғылыми мақсаттар үшін қажет.
Библиография (дерекнама) - көркем әдебиеттің өзіне және әдебиет туралы ғылымға байланысты көрсеткіштер мен анықтамалар,шолулар мен сілтемелер жиынтығы. Ол әр түрлі пәндер бойынша кітаптарға, зерттеулерге анықтама мағлұматтар беретін, көмекші құралдар жасайтын ғылым саласы. Библиография - белгілі мәселеге немесе автор шығармаларына байланысты әдебиеттердің көрсеткіші.