Латын Америкасы
From Wikipedia, the free encyclopedia
Латын Америкасы — Солтүстік Американың оңтүстік бөлiгi (Рио-Браво-дель-Норте өзенінің оңтүстігінен бастап бүкiл Орталық Америка мен Вест-Үндістан аралдарын қамтиды) мен бүкiл оңтүстік Америка аумағындағы елдердің жалпы атауы. Жалпы аумағы 22,8 млн. км². Халқы 479 млн. адам.
15 – 16-ғасырларда қазіргі Латын Америкасы аумағында өмір сүріп жатқан жергілікті тайпаларды (Колумб үндістер деп атаған) Испания және Португалия жаулап алып, отар елдерге айналдырды. 1810 – 26 ж. тәуелсiздiк жолындағы соғыстар нәтижесiнде Америкадағы барлық отарлар Испаниядан бөлiнiп шықты. 1822 ж. Бразилия Португалиядан бөлiндi. Осыдан кейiн Латын Америкасында дербес мемлекеттер құрыла бастады. Қазiр Латын Америкасында 33 мемлекет және Франция, Нидерланд, АҚШ-тың бiрнеше тәуелдi аумақтары орналасқан. Олар: Антигуа және Барбуда, Аргентина, Багам аралдары, Барбадос, Белиз, Боливия, Бразилия, Венесуэла, Гаити, Гайана, Гватемала, Гондурас, Гренада, Доминика, Доминикан Республикасы, Колумбия, Коста-Рика, Куба, Мексика, Никарагуа, Панама, Парагвай, Перу, Сальвадор, Сент-Китс және Невис, Сент-Люсия, Сент-Винсент және Гренадина, Суринам, Тринидад және Тобаго, Уругвай, Чили, Эквадор, Ямайка. Ұлттық құрамы өте күрделi этникалық және тарихи процестерден өткен (еуропалықтардың ұрпақтары, үндiстер, метистер, негрлер, мулаттар, т.б.). Мұнда ресми және мемлекеттік тiл ретiнде негiзiнен испан тiлi, ал Бразилияда – португал тiлi, Гаитиде – француз тiлi, Суринамда – нидерланд тiлi саналады. Одан басқа 14 кiшi мемлекет, Ямайка мен Багам аралдары халықтары ағылшын тiлiнде сөйлейдi. Жалпы халықтың 10%-на жуығы үндiс және жергiлiктi диалектiнi қолданады.[1]