Бірінші философия толғаныстары
From Wikipedia, the free encyclopedia
Бірінші философия толғаныстары, Құдайдың барлығы мен жан өлместігін дәлелдеу (фр. Méditations sur la philosophie première, лат. Meditationes de Prima Philosophia, in qua Dei existentia et animæ immortalitas demonstratur) - Рене Декарттың 1641 жылы латын тілінде алғаш рет жарық көрген философиялық трактаты. Декарт пен Герцог Люиннің (Duc de Luynes) бақылауында француз тіліндегі аударма нұсқасы 1647 жылы "Метафизика толғаныстары" (Méditations Métaphysiques) деген атпен жарық көрді. А.Байлет күмән келтіргендей, тақырып баспагердің қате түсінуінен "жанның өлместігі" (animae immortalitas) дегенді "жанның материясыздығы" (animae immaterialitalas) деп қате жазған көрінеді.[1]
Кітап алты толғаныстан (медитация) тұрады, онда Декарт алдымен мүлдем анық емес нәрселерге деген сенімдерін түгел жоққа шығарады, сосын сенімді нәрсені анықтауға тырысады. Ол алты толғанысты алты күн ой жүгірткендей етіп жазды: әр толғаныс соңғысын "кешегі" деп атайды. (Шынтуайтында, Декарт 1639 жылдан бастап "Толғаныстарға" еңбектене бастайды.)[2] Бұл кітап осы уақытқа дейін жазылған ең ықпалды философиялық мәтіндердің бірі ретінде әлі күнге дейін кеңінен оқылып келеді.[3]
Кітап Декарттың метафизикалық жүйесін ең егжей-тегжейлі деңгейде сипаттап, оның алғаш рет "Әдіс туралы пайым" (Discourse on Method, 1637) кітабының төртінші бөлімінде пайымдалған философиялық жүйесінің ауқымын кеңейтті. Декарттың метафизикалық идеялары "Философия қағидалары" (Principles of Philosophy, 1644) кітабында да кездеседі, бұл кітапты автор философиялық нұсқаулық ретінде жазған.