Философия
адамның күллі этикалық, эстетикалық қасиеттері хақында тұжырымдар, ойлар жасалатын ғылым / From Wikipedia, the free encyclopedia
Философия (кейде "Пәлсапа", грек. φιλοσοφία, philosophia, мағынасы: Даналықты сүю[1][2][3]) — жалпы және фундаменталды сауалдардың жауабын табуға бағыталған ғылым саласы. Философия болмыс, метафизика, білім, құндылық, ақыл, зерде және тіл секілді өзекті мәселелерді зерттеуге бағытталады.[4][5] Мұндай сауалдар көбінесе зерттеуді, шешіуді қажет ететін мәселелер[6][7] ретінде ортаға қойылады. "Философия" термині алғаш Пифагордан (бзд. 570 - 495 жж) басталған болуы мүмкін. Философиялық әдістерге сауал, сыни пікірталас, ақылды аргумент және жүйелі пайымдау қатарлылар жатады.[8][9][10]
Классикалық философия сұрақтарына жататындар: "Әлденені білу мүмкін бе?", ал егер мүмкін болса, онда "мұны дәлелдей аламыз ба?"[11][12][13] Философтар сондай-ақ аса практикалық және нақты сұрақтарды да қоя береді: "Өмір сүрудің ең жақсы жолы бар ма?", "әділеттілік жазаланбайтын әділетсіздіктен жақсы ма?",[14] "Адамда еркін ерік бар ма??'[15]
Тарихта философия барлық білім жүйелерін қамтыды.[16] Ежелгі грек философы Аристотельден бастап ХІХғ-ға дейін "табиғат философиясы" астрономияны, медицинаны және физиканы қамтыды. Мысалы, Исаак Ньютонның 1687 жылғы "Табиғат философиясының математикалық қағидалары" атты кітабы кейін физика кітабы ретінде жіктелді.
ХІХғ-дан бастап заманауи зерттеу университеттерінің дамуы академиялық философияның және басқа пәндердің кәсібиленуіне және арнаулылануына әкелді.[17][18] Қазіргі заманда, философияның дәстүрлі бөлігі болған кейбір зерттеулер философиядан бөлініп, жеке академиялық пәнге айналды, олардың ішінде психология, әлеуметтану, лингвистика және экономика қатарлы негізгі пәндер бар. Өнермен, ғылыммен, саясатпен немесе өзге талпыныстармен тығыз байланысты басқа зерттеу салалары әлі де философияның тармақтары болып отыр. Мысалы, "сұлулық объективті ме, әлде субъективті ме?"[19][20], "Ғылыми әдістердің түрі көп пе, әлде тек біреу ғана ма?"[21], "Саяси утопия - ол үміткер арман ба, әлде үмітсіз құрқиял ма?"[22][23][24] қатарлылар.
Академиялық философияның басты тармақтары: 1) Метафизика, ол болу (existence) мен шындықтың (reality) негізгі табиғатын қарастырады; 2) Эпистемология, ол білім мен сенімнің табиғатын зерттейді; 3) Этика, ол моральдық құндылықтарды қарастырады; 4) Логика, ол аргументтерді, шын алғышарттан дұрыс қорытынды шығаруға мүмкіндік беретін тұжырым ережелерін зерттейді.[25][26] Бұлардан басқа тармақтары: ғылым философиясы, саяси философия, эстетика, тіл философиясы және сана философиясы қатарлылар.